• Басты бет
  • Экономика
  • Жаңа жыл қарсаңында Павлодардағы ERG құрамына кіретін кәсіпорын қызметкерлеріне үйдің кілттері табысталды

Жаңа жыл қарсаңында Павлодардағы ERG құрамына кіретін кәсіпорын қызметкерлеріне үйдің кілттері табысталды

Өндіріс ошағының 140 жуық отбасысы Усолка шағын ауданынан жаңа баспанаға қол жеткізді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодарда баспаналы болу бақытына ие болғандардың қатары артты. ERG құрамына кіретін «Қазақстан Алюминийі» АҚ және басқа да кәсіпорындардың 144 қызметкеріне жаңа пәтер кілттері табысталды. Бұл – компанияның әлеуметтік қолдауға бағытталған тұрғын үй бағдарламасының нақты нәтижесі.

 

- Бүгін біз үшін керемет күн. Себебі біз кезекті рет өз қызметкерлеріміз үшін жаңа үйдің құрылысын аяқтап, пәтер кілттерін табыстаудамыз. «Қазақстан Алюминийі» АҚ-да өзінің жеке тұрғын үй бағдарламасы бар. 2006-шы жылдан жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама арқасында Павлодар қаласында ғана 30 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Бүгін біз үшін қуанышты күн. Құрылысшыларымызға, мердігер және серіктестерімізге алғыс айтқымыз келеді. Жаңа жыл қарсаңында өз қызметкерлерімізге керемет сыйлық жасадық деген ойдамыз,-деді Павлодар алюминий зауытының басшысы Айтуған Ахметов.

 

Іс-шара “Жұмысшы мамандықтар” жылы аясында өтті. Ал бұл жоба — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын үлгісі.

 

- Үйдің жобалық жоспарлары да, пәтер аумақтары да қызықты. Жалпы алғанда үйдің аумағы 9 000 шаршы метрді құрайды. Үйде 1 және 2 бөлмелі пәтерлер бар.
Үй таза әрлеумен тапсырылды. Біз тұрғын үй бойынша барлық шығындарды барынша азайтуға тырыстық, яғни бір шаршы метрдің өзіндік құны төмен болуы үшін, алайда бұл сапаға әсер етпеуін басты назарда ұстадық,-деді «Қазақстан Алюминийі» АҚ күрделі жобалар басқармасының басшысы Сергей Викулов.

 

ERG — металлургия саласындағы көшбасшылардың бірі, компания қызметкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

 

- Осы Алюминий зауытқа үлкен үлкен рахметімді айтамын. Алғысымды айтамын. Алюминий зауытының бүкіл қызметкерлеріне, директор, басшыларына барлықтарыңызға көптен көп рахмет айтамын. Алғысым шексіз,-деді Павлодар алюминий зауытының гидрометаллургия цехінің бункершісі Әспет Қасқырбаева.

 

Жаңа үйден пәтер алған зауыт қызметкерлері Еуразиялық топ арнайы әзірлеген бірегей несиелеу бағдарламасы арқылы баспаналы болды. Бұл – кейін сатып алу құқығымен жалға беру жүйесі. Бүгінде 140 аса отбасы мерекені жаңа үйде қарсы алатын болады.