Жасыбайдағы құрылыс жұмыстары 15 шілдеде аяқталады
Туристердің өтініштері мен орынды ескертулеріне мән беріп, мердігерлер қысқа мерзімде құрылыс жұмыстарын аяқтау керек. Бұл туралы Баянауыл ауданына іссапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов мәлім етті деп хабарлайды irbistv.kz. Тұрғындардың сүйікті курортындағы жаңғыртудың аяқталу мерзімдері белгілі болды.
Сабындыкөлде ауқымды абаттандыру аяқталып, демалушылар қызығын көруде. Санитарлық тораптар, медициналық, құтқару және тамақтану бекеттері ескерілген. Серуендеуге бір шақырым жағалау жолы, автотұрақ ыңғайлы. Бейнебақылау және жарықтандыру жүйелері іске қосылды. Облыс әкімі енді Жасыбайды жаңғыртуды тезірек аяқтауды міндеттеді. Алдында демалуға келгендердің ескертулеріне мән беріп, жаздың ортасына дейін шараларды соңына дейін жеткізуді тапсырды.
-Туристік маусым басталып кетті, демалушылардың шағымын туғызбау үшін жұмыстарды тезірек бітіру керек. 15 шілдеге дейін адам демалатын жерді аяқтайсыңдар ғой? Негізі маусымның соңына дейін тырысу керек. Демалатын жерде құмды жазып, құтқарушылар бекетін қаптап, - деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Заманауи курорттық инфрақұрылым іске қосылғаннан кейін қызмет көрсету сапасы да сәйкес деңгейде болуы тиіс. Асайын Байханов бұл мәселені қазірден бастап қолға алуды тапсырды.
-Толықтай жаңғырту, жаңарту бір мәселе. Бірақ, басты мәселе қызмет көрсету. Кешенді жұмысты жасау керек. Қызмет сапасы болсын, әдемі қылып қоймай, дұрыс компанияларды шақырыңыздар, - деді облыс әкімі.
Аудан орталығы кіреберісіндегі визит-орталық ғимараты да аяқталуға жақын. Аумағы 740 шаршы метрді құрайтын кешен бір га жерде бой көтеруде және қазіргі уақытта пайдалануға беру үшін соңғы кезеңдегі жұмыстар орындалуда. Орталықта конференц-зал, музей, коворкинг және дәріс алаңдары, кофехана, ана мен бала бөлмесі, сондай-ақ келушілерге арналған демалыс аймақтары орналасады.
Дархан Бекишев
