Жеке тұлғалар банкроттыққа өтініш бере алады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға өткен жылдың желтоқсан айында қол қойды. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни наурыздың 3-нен бастап күшіне енеді. Сол уақыттан кез келген азамат банкроттыққа өтініш бере алады.

 

-Банкроттау екінші деңгейдегі банк, шағын несиелік ұйымдар мен коллекторлық агенттіктердің қарызы бойынша қарастырылады. Бұл бастама арқасында біріншіден азаматтардың қарыз өтеу қабілетін арттырады. Екіншіден әлеуметтік осал топтарға демеу болады. Несие төлей алмай, жұмыс орнындағы жалақысы қарызына жұмсалып кету сынды қиындықтарды жоюға қолдау көрсетілмек,-дейді Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Төлеген Шаймарданов.

 

Банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 5,5 млн. теңгеден аспауы тиіс. Қарыз бойынша өтініш берілген кезде қатарынан 12 ай ішінде төлем жасалмағаны жөн. Сонымен қатар, тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің болмауы қажет. Ал мерзімі өткен берешекті реттеу банкпен жүргізілуі тиіс. Бұл ретте, кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.

 

-Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдағанда келесі талаптар қойылады: алдағы 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады. Сонымен қатар қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады,-деп жеткізді Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.

 

Бұдан бөлек, банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар бұған дейін мамандар егер адамдар банкрот болса, қарызы кешіріледі деген қате түсінік екенін айтты. Қалалық мемлекеттік кірістер қызметкерлері түсініктеме жұмыстарына кірісіп кетті.