Құс фабрикалары жұмыртқа бағасын өзара келісіп көтерді деген күдікке ілінді
Бір жыл бұрын дүкен сөрелерінде жұмыртқа 300 теңгеден сатылды. Бүгін 10 данасы – 500-ден асады. Ресми статистикаға сәйкес бұл өнім 2021 жылдың басынан бері ең қымбат азық-түліктің қатарында. Алайда аса қажетті тағамдардың бағаларын қадағалау жергілікті атқарушы мекемелердің тікелей міндеті дейді бәсекелестікті қорғау және дамыту басқармасында. Олар негізінен өндірушілер мен жеткізушілерге көз салады. Анықталғандай өткен жылы жұмыртқаның көтерме құны 36 пайызға, қаңтардан бастап тағы 17 пайызға өскен. Бағаның өсіміне бірнеше факторлар әсер етті. Ол қоспалар мен дәрумендердің қымбаттауы, құс тұмауына қарсы екпені кәсіпкерлер өз есебінен жасауы. Соңында бағалық сөз байласу белгілері бар деген шешімге келді.
- Павлодар облысының екі тауар өндірушісіне хаттама жолдадық. Құжатқа байланысты 30 күн ішінде бағаны тиісті мөлшерге түсіруге міндетті. Бәсекеге қабілетті бағаларды орнату керек, керісінше емес. Кері жағдайда монополияға қарсы орган тексеріс жұмыстарын жүргізіп, тиісті шаралар қолданылады, - деді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Павлодар облысы бойынша депаратаментінің басшысы Павел Баданин.
Егер тергеу жұмыстары нәтижесінде бағалық сөз байласу әрекеттері расталса, негізсіз бағаны көтеріп сатқан кезеңдегі табыстың 3-5 пайызы көлемінде айыппұл салынады. Әрине кәсіптің түріне байланысты. Жалпы еліміз бойынша 34 ірі құс фабрикасының 13-інде жұмыртқа сату кезінде бағалық сөз байласу белгілері анықталған. Оларға тиісті хаттама жолданды.

