Өңіріміз алғаш рет қарақұмық сатып алмақшы

Форвардтық сатып алу бойынша Павлодарлық 4 шаруа қожалығы 3970 тонна астықты ұлттық азық-түлік корпорациясына өткізуге тиіс. Ол - Тереңкөл, Успен, Ертіс және Шарбақты аудандары. Олар көктемгі егін жұмыстарына 193 миллион теңге жеңілдетілген субсидия алған. Шарт бойынша күзгі жинау науқанынан кейін қаражаттың орнына астық тапсырулары тиіс. Мерзімі  - қарашаның 15-іне дейін.

 

- Бүгінде Ертіс ауданы – 635 тонна, Тереңкөл 425 тонна тапсырды. Успен Шарбақтының элеваторымен келісім шартқа отырды. Ертіс ауданы тапсыруға дайындық үстінде. Ұлттық корпорация бағасын орнатты. Қосалқы құн салығын төлейтіндерге 87 мың болса, қалғандары үшін 78 мың теңге. Олар ақшалай көрсетілген көмекті енді астықпен қайтарады. Шарт бойынша бұл астық өңірлік кәсіпорындарға тапсырылады, - деді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мұрсалимов.

 

Сондай-ақ биылдан бастап қарақұмық пен күнбағыс қорын толтыру сұрағы да қарастырылуда. Қарақұмықтың бір тоннасы – 205 000 теңге болмақ.  Бүгінгі таңда келісімсөздер жүргізілуде. Басқарма өкілдерінің айтуынша, қазір ұлттық корпорация қарақұмықты сатып алу бойынша 2 шаруа қожалығымен келісімге отырғаны белгілі. Ал күнбағыс мәселесін әлі ашық күйіндке. Себебі жинау науқаны әлі де жалғасуда. Бүгінде өңірде 7 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Сыйымдылығы 301 мың тоннадан асады. Элеваторларда 82 мың тонна бидай сақтаулы, оның 45 мыңы - жаңа өнім. Айта кету керек,  күзгі егін жинау жұмыстарына 21,5 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Ал астықты кептіру жұмыстарына 2 мың тонна дизель отыны берілді.