Өңірімізде жұмыртқа бағасы қымбаттады

 

 

Соңғы аптада 1-ші санаттағы түрі 4 теңге өскен дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодар облысы жұмыртқа бағасының өсуі бойынша көшбасшылар қатарында. Аталмыш өнім түрі өңірімізде 20,9%-ға қымбаттаған. Мамандар бұл маусымдық қымбаттаушылық дейді. Ал қала тұрғындары болса бұндай бағалар қалталарын қағып отырғанын айтып шағымдануда.

 

-Әрине қымбаттағаны байқалуда. Жұмыртқа күнделікті керек, сондықтан еріксіз баға өсімін көнесің. Үй қасындағы дүкендерде 600 теңгеден, ал әлеуметтіктерде 540 көлемінде,-дейді тұрғындар.

 

-Өз басым жұмыс істейтін адаммын, сондықтан қымбат жұмыртқа қалта көтереді. Ал зейнеткерлерге қиындау, -деді өзге павлодарлық.

 

Павлодар облысының дүкендерінде импорттық жұмыртқаның үлесі үлкен емес. Себебі аймағымыздың екі құс фабрикасы ішкі нарықты 106,8 %-ға қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлік басқармасында бүгінде жергілікті өндірушілер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сауда орындарына 49 теңгеден босатуда дейді.

 

- Соңғы аптада 1-ші санаттағы жұмыртқаның бағасы 4 теңгеге өсті. 533 теңгеден 537 теңгеге дейін. Бұл 0,8%. Аталмыш тенденция маусымдықпен байланысты. Жыл сайын осы кезеңде өндірушілерде баға өзгереді. Бұл жем, қосымша витаминдер мен тағы басқа да өндіріске қажетті қондырғылар мен тауарлар бағасының қымбаттауымен байланысты,-деді Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Кәрімжан Байсарин.

 

Кәсіпкерлік басқармасындағылардың айтуынша қымбаттаушылық ұзаққа бармайды. Жағдай қараша айының ортасына дейін тұрақталады дейді. Айта кету керек, бүгінге өңіріміздің тұрақтандыру қорында 320 тонна жұмыртқа сақтаулы.

 

Фото: Freepik.com