«ERG Service» ЖШС табиғатты аялауды мақсат етіп, экотимбилдинг өткізді
Шара барысында қызметкерлер табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған түрлі тапсырмаларды орындады. 40-қа тарта қатысушы абаттандыру, қоқыс жинау және экоквестке ат салысты деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
«ERG Service» ЖШС өткізген экотимбилдинг ұжымның бірлігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мұнда кәсіпорын қызметкерлері демалудан бөлек табиғатты қорғаудың мәселелерін талқылады.
- Көптеген демалушылар өздерінен кейін қоқыстарды тастап кетеді. Біз қоршаған ортаның ластануына жол бермеуіміз керек. Сол себептен, ашық аспан астындағы қалдықтарды жинастыруды қызықты етіп өткізудеміз. «ERG Service» ЖШС» осыған қатысты мәселелерді үнемі назарда ұстайды. Яғни, аталмыш шарадан бөлек сенбіліктерді жиі жасаймыз. Мамандарымыз да әрқашан қолдау көрсетуге дайын,-деді «ERG Service» ЖШС инженер-экологы Жанылдык Джилкибаева.
Усолка шағын ауданының жағалауындағы экологиялық тимбилдингке кәсіпорын қызметкерлері отбасыларымен келді. Олар 4 топқа бөлініп сайысқа түсті. Мысалы, қатысушылар осындай суға жүзуге арналған құралмен аралға барып қоқыс жинады. Ең жылдам әрі көлемді қоқыс әкелгендер қосымша ұпайға ие болды.
- Жүзу құралымен жағаның арғы бетіне әрең жеттім. Бірақ, көңілді өтті. Демалушылардың көп қоқыс қалдырғанын біздің әкелген дорбаларымыздан байқауға болады. Командамыз тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Менің командам менің отбасыммен тең. Кәсіпорын басшылығына рахмет айтқым келеді,-деді «ERG Service» ЖШС персонал және мәдениет жөніндегі директордың м. а. Валерия Евсеева.
- Біз бүгін отбасымызмен осында келдік. Қыздарым 7 және 5 жаста. Олар арнайы жүзу құралдарына отырып көрді. Сонымен қатар, жағалауда көптеген қызықты квест ойындарына қатыстық. Жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын,-деді Ксения және Роман Кунафиндер.
Бұдан бөлек, балақайлар құстардың ұяларын безендіріп өсімдіктерді отырғызды. Айта кетейін, «ERG Service» ЖШС алдағы уақытта да экологиялық бағыттағы шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Компания ұжымының табиғатқа деген құрметі мен ынтымағы кез келген жұмысты табысты орындауға жол ашады.