Өмір – тұтас бір саяхат
Павлодарда белгілі велосаяхатшы Анатолий Пырликтің жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Автор онда жүріп өткен бағыттарын, белсенді өмір салты жайлы көзқарасын және велосипедтің өз тағдырындағы айрықша орнын баяндайды.
Анатолий Пырлик велосипед тізгінінде отырып әлемді танып, жаңа белестерді бағындыруға ештеңе кедергі емес екенін дәлелді. Бұл ретте, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада танымал велосаяхатшының кітабы көпшілікке таныстырылды. Басылымда автордың ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі, Қазақстан мен шетелдегі велосипедпен жасаған сапарлары, сондай-ақ белсенді өмір салты адамның дүниетанымы мен өміріне қалай ықпал ететіні туралы ой-толғамдары топтастырылған.
- Шынын айтсам, бастапқыда кітап жазу деген мақсат болған жоқ. Мен велосаяхатпен, түрлі спорттық жорықтармен айналыстым. Оның ішінде тауға шығу, шаңғы және су бағытындағы сапарлар да бар. Осындай қызығушылықтар мен өмірлік тәжірибемнің нәтижесінде кітап жазу ойы біртіндеп қалыптасты. Барлығы досымның біздің кезекті велосапарымыз туралы газетке мақала жазуынан басталды, - дедівелосаяхатшы, Павлодар География үйінің мүшесі Анатолий Пырлик.
«Жайлылық аймағынан тыс өмір» атты еңбек – тек саяхат күнделігі емес. Кітапта автор әр жастағы белсенді демалыс әуесқойларын біріктірген «8 Миля» спорттық велотуризм орталығының құрылу тарихын да баяндайды. Сонымен қатар велосипед қозғалысына қатысты өмірлік ұстанымы мен адамның үлкен жетістіктерге алғашқы қадам жасау арқылы ғана қол жеткізетіні жөніндегі ойлары кеңінен қамтылған. Тұсаукесер барысында оқырмандар автормен еркін пікірлесіп, көкейдегі сауалдарын қойып, қолтаңба қойылған кітапқа ие болды. Анатолий Пырлик алда әлі талай бағытты бағындыруды жоспарлап отырғанын айтады. Демек, бұл оқиғаның жалғасы болатын жаңа кітаптың жарық көруі де әбден мүмкін.
