5 шілде павлодарлықтар үшін Ertis Promenade- та облыстық филармония өнер көрсетеді
Павлодарда шілде айының алғашқы демалыс күндері ұлттық мәдениет пен музыка рухында өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған мерекелік іс-шараларға шақырылады деп хабарлайды irbistv.kz. тілшісі.
Қазақстанда Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері аталып келеді. Павлодардағы мерекенің басты алаңы Ertis Promenade болады. Көрермендер алдында Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, облыстық филармонияның солистері және «Нұр» би ансамблі өнер көрсетеді. Қазір әртістер дайындықтың соңғы кезеңін өткізіп, сахнада бас репетиция жасауда.
-Облысымыздың басты концерттік ұйымы ретінде филармония бұл мерекеге әрдайым белсенді қатысады. Бірнеше күннен кейін, шілденің алғашқы жексенбісінде, Ertis Promenade сахнасында Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі павлодарлықтарға арнайы концерттік бағдарлама ұсынады, - деп хабарлады Иса Байзақов атындағы филармония әдіскері Әлия Нурумбетова.
Астана күніне арналған мерекелік бағдарлама да мазмұнды болмақ. Облыс кітапханаларында тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылып, облыстық көркемсурет музейі қорындағы таңдаулы туындылар көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мерекелік концерт әзірледі. Ұйымдастырушылар павлодарлықтарды мерекелік демалыс күндерін бірге өткізіп, өнерпаздарға қолдау көрсетуге және өңірдің жарқын мәдени шараларының бір бөлшегі болуға шақырады. Ертіс жағалауындағы мерекелік концерт 5 шілде күні сағат 19:00-де басталады.
