Атамекен кентінің 110 жылдық мерейтойы атап өтілді

Атаулы күні мерекелік бағдарлама әзірленіп, ұлттық ойындар сонымен қатар қолөнершілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерейтойлы датаға орай 12 киіз үй құрылған дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Бұл елді мекеннің негізі 1914 жылы қаланған. Ол кезде жетінші ауыл деп аталған. Ал 1965 жылы оған кент мәртебесі мен Ленинский атауы берілген. 2023 жылы Атамекен болып өзгертілді. Байырғы тұрғындар бұл өлкенің күн сайын дамып бара жатқанынын айтады. Адам саны да көбейіп, кенттің көркі артуда.

 

- Бүкіл халық жиналып 110 жылдығын Атамекеніміздің тойлап жатыр. Бәрі жиналып мәз. Өйткені халық мерекесі бұл. Халқымыз тату болсын, бірлікте болсын, әрқашанда осы ауыл әрі қарай көркейе берсін,-деді Атамекен кентінің тұрғыны Ырысты Мусинова.

 

Мерекеге Атамекен кентінің барлық тұрғыны жиналды. Түрлі алаңдарда қазақша күрес, асық ату, аударыспақ, арқан тарту, тоғызқұмалақтан жарыстар өтті. Әр сайыста жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

 

- Кентіміздің негізін қалауға, дамуына үлес қосқан жандарға алғыс білдіріп еске алу күні. Бізге мұра қалдырғандарды қадірлеп, болашаққа жоспар құрудамыз. Жыл сайын кентіміз дамып көркейе берсін,-деді Атамекен кентінің әкімі Мунира Дюсембекова.

 

Атамекен кенті тұрғындары мен қонақтары алдында Иса Байзақов атындағы филармония және жергілікті мәдениет үйінің ұжымдары өнер көрсетіп, кеш батқанша жиналғандардың көңілін көтерді.