БАҒА ЖЕТПЕС ЖӘДІГЕР
Павел Васильев музей үйі қорына Владимир Даль сөздігінің сирек кездесетін төрт томдығы табысталды. Бағалы басылым ұзақ жылдар бойы Орынборда сақталып, оның музейге жету жолы ондаған жылға созылды.
Кейбір кітаптар өз дәуірінің үнсіз куәсі болса, енді біреулері тұтас тарихты арқалап жүреді. Павел Васильев музей үйіне жеткізілген осы төрт томдық Даль сөздігі сондай ерекше жәдігердің бірі. Оның беттерінде ақын Павел Васильевтің өз қолтаңбасы мен қалдырған белгілері бүгінге дейін сақталған. Бұл сирек басылымның ұзақ жылдар бойы Орынборда болғаны белгілі. Алайда оның сол жаққа қалай жеткені әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Кейін жәдігердің иесімен байланыс орнатылып, ол сөздікті музейге беруге келісім білдіргенімен, бір ғана шарт қойған – орнына дәл сондай төрт томдық табылуы керек еді. Бірақ мұндай басылымды іздеп табу оңайға соқпады. Соның салдарынан жәдігердің жолы ұзақ жылдарға созылды.
- Бұл оқиғаның бастауы 1967 жылға барып тіреледі. Сол жылы Орынборлық ақын Валерий Кузнецов туған күніне сыйлық ретінде төрт томдық Даль сөздігін алады. Досы оны букинистік дүкеннен небәрі бес рубльге сатып алған екен. Сөздікті парақтап отырып, ішінен Павел Васильевтің қолтаңбасын көреді. Бірақ ол кезде мұның расында атақты ақынға тиесілі екеніне сену қиын болған, - дейді Павел Васильев музей үйінің директоры Закия Мерц.
Арада жиырмадан астам жыл өткен соң ғана Валерий Кузнецов қолтаңбаның шынайылығына көз жеткізу үшін Павел Васильевтің жары Елена Вяловаға жүгінеді. Ақынның жесірі жазуды мұқият қарап шығып, оның расында Павел Васильевтің өз қолымен жазылғанын растапты.
- Оның дәлелі ретінде бізде сақталған жеделхат бар. Бұдан бөлек, Валерий Николаевич осы сөздікпен бірге Светлана Иванова және музейдің тұңғыш директоры Лидия Брунеева арасындағы хат-хабарлардың барлығын мұқият сақтап келген. Міне, дәл сол құжаттар кейін сөздіктің музейге оралу тарихының бастауына айналды, - дейді Закия Мерц.
Көп жылдан бері шешімін таппай келген мәселе күтпеген жерден оң нәтижесін береді. Закия Мерц Орынборда өткен, Владимир Дальдың 225 жылдығына арналған XI әдеби музейлер форумына шақырылғанда, осы көне оқиға қайта еске түседі. Сол сапарда фотограф Сергей Жданов көмек қолын созып, өзінің жеке төрт томдық Даль сөздігін Валерий Кузнецовқа сыйлайды. Осылайша ұзақ жылдарға созылған келісім жүзеге асып, Павел Васильевтің қолтаңбасы сақталған бірегей жәдігер туған музейіне қайта оралды.
Бекбол Мырзахан
