Домбыра күні Павлодар көшесімен күй керуені өтеді

 

 

 

Ұлттық аспап домбыра күніне орай мерекелік керуен ұйымдастырылады. Бірегей автошерудің маршруты ойластырылған дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодар облысы бойынша ұлттық домбыра күніне 200-ден астам іс - шара жоспарланған. Өңірде мереке маусым айының соңынан бастап тойлануда. Тақырыптық лекциялар, челлендждер, концерттік бағдарламалар өтпек. Ал негізгі мәдени шара шілденің 7-сіне жоспарланған. «Шаңырақ» халық шығармашылық орталығында айтыскер-ақындар, күйшілердің қатысуымен көшпелі мерекелік керуен өтеді.

 

- Керуен жолы «Нұрлы Жол» көпірінен басталып, Назарбаев даңғылымен тура Торайғыров көшесіне шығып, Сәтбаев көшесінен орталық алаңға дейін жетеді. Абай Құнанбаев ескерткішіне қарама қарсы жерде күйшілер мен дәстүрлі әншілердің 10-15 минуттық концерттік бағдарламасы ұсынылатын болады. Одан кейін керуен Усолка шағын ауданына бағытталып, сол жерде көпірдің жанында муызкалық жылжымалы концертті аяқтайды,-деді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Самал Сәменова.

 

Негізгі шара Павлодардың басты сахнасында кешкі сағат 19:00-ге жоспарланған. Айта кетсек, ұлттық домбыра күні елімізде 2018 жылдан бері аталып өтуде. Ол шілденің алғашқы жексенбісіне бекітілген.