Екібастұздағы алғашқы қазақ тілді Абай мектебі мерейтойын атап өтті
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың есімі берілген оқу мекемесіне 70 жыл толды. Осы күні білім ордасында 700-дан астам оқушы білім алып жатыр деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Екібастұз қаласындағы Абай атындағы оқу ордасы ел арасында «Қара шаңырақ» деп аталып кеткен. Себебі бұл кеншілер шаһарында ашылған алғаш қазақ мектебі болған. 70 жылдық тарихы бар білім ошағынан қаншама түлек түлеп ұшты. Танымал, елімізге еңбегі сіңген азаматтар да аз емес. Солардың бірі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының директоры Бағдат Мусин.
- Мектебіміздің тарихы 1954 жылы қаланған Қайнар балалар шығармашылық орталығы сол ғимаратта болдық. Одан 2007 жылы осы мектепке көшіп келді. Абайдың 150 жылдық мерейтойының қарсаңында Абай есімі берілді,- деді Екібастұз қаласы Абай атындағы №2 мектебінің директоры Қарлығаш Ташенова.
Айта кету керек, мектептің 70 жылдық мерейтойы қарасаңында облыстық әкімдік тарапынан сыйлық жасалды. Оқу ордасының шатыры жөнделіп, терезелері ауыстырылып, қоршауы мен қасбеті ретке келтірілді. Оның арқасында бүгінде 750 оқушы жайлы жағдайда білім алуда. Одан бөлек, мектептің материалдық базасы толықтай жаңартылды. Пән кабинеттеріне заманауи талаптарға сай оқу құралдары алынып, балаларға робототехниканың қыр-сырын меңгеру үшін барлық мүмкіндік беріліп отыр.
- Мектепте қазір 1-11 дейін барлық оқушыларды робототехникамен қамтып отырмыз. Халықаралық фестиваль болды сонда біздің балаларымыз Республикадан 3 бірінші орын алды. Халықаралықтан 1 бірінші орын және 2 үздік инженерлік шешім деген номинация алды. Сол жеңісімізді біз мектебіміздің 70 жылдығына арнап отырмыз,-деді Екібастұз қаласы Абай атындағы №2 мектебінің роботехника мұғалімі Салтанат Бектурова.
Оқушылардың роботехникадағы жетістіктері шынымен де таң қалдырады. Мысал үшін бұл роботты балалар өз қолымен жасаған. Ол гүлді автоматты түрде суару үшін қолданылады. Мұндай өнертабысты жылыжайларда қолданған өте ыңғайлы болар дейді ұстаздар. Қолданбалы ғылымнан бөлек, пәнаралық олимпиадалар мен спортта үлкен жетіскке жеткен оқушылар да аз емес. Бұл ең алдымен қара шаңырақ ұстаздарынан еңбегі мен балаларға беріліп отырған заманануи мүмкіндіктердің арқасында.