Павлодар өңірінде қазақ баспасөзінің негізі қаланғанына 95 жыл

 

Облыстық «Saryarqa samaly» газеті мерейтойын қаланың басты сахнасында атап өтті дейді irbistv.kz тілшісі.

 

1929 жылдың 15 – ақпанында қазақ басылымының негізі қаланды. Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы шығарылымы дәл осы күні жарық көрді. Басты сахнада мерейтойға орай концерттік бағдарлама мен викторина өтті. Айтулы оқиғамен басылымды «Ирбис» телекомпаниясының ұжымы да құттықтады.

 

-Бізде 3000-нан астам нөмірі шығады, бір шыққан кезде. Биылдан бастап 32 беттік болып шығып келе жатырмыз. Бұл сәл пәл біздің бағытымызды өзгертті, өйткені, біз бұрын ақпаратты көбірек таратсақ, қазір енді сараптамалық мақалаларды көбірек беруге ұмтылып жатырмыз,-деді «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.

 

«Saryarqa samaly» газеті ұжымы мерейтойға орай үздік оқырмандары мен жас авторларын марапаттап, дипломдар мен естелік сыйлықтарын табыстады. Олардың арасында 74-жастағы Серік Сатыбалдин бар. Облыстық басылымның бүгінге дейінгі тұрақты оқырманы 1967 жылдан бері мақалаларын жариялап келеді.

 

- Әуелгі кезде мақалалар жазып жүрдім, әр түрлі тақырыпқа. Одан кейін әдеби шығармаларды мен негізі көп оқыдым да, аудармамен айналыстым. Көптеген аудармаларым шықты. Кейінгі бірнеше жылдар бойы менің өз тарапымнан жазылған әңгімелерім, ертегілерім, өлеңдерім, тағы басқа материалдар шығып жатыр осы газетте,-деді үздік оқырман Серік Сатыбалдин.

 

Айта кетсек, ғасырға жуық тарихы бар басылым қазір аптасына екі рет шығады. Тұрақты оқырманы қалыптасқан БАҚ көптеген байқаулардың да жүлдегері.