Павлодар облыстық филармония жаңа жабдықпен толықты
Жаңа жабдықтың көмегімен өтетін алғашқы концерт 20 қараша күні сағат 19:00-де басталады. Сахнада танымал өнерпаздармен қатар, Павлодар музыкалық колледжінің студенттері, жас қобызшылар да өнер көрсетеді. Ал филармонияның 85 жылдық мерейтойына арналған басты тарту — үлкен гала-концерт болмақ. Мерекелік кеш 4 желтоқсанда Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Салтанатты бағдарламаға 300-ге жуық өнерпаз қатысады.
- Бұл — жалпы қобыз аспабына арналған алғашқы концерт. Кеш барысында төл тарихымыздан сыр шертетін көне аспап — қылқобызда орындалатын тарихи шығармалар мен прима-қобызға арналған заманауи туындылар көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар концерттік бағдарламада түрлі музыкалық жанрлар қамтылады, - дейді Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің әртісі Қорлығайын Бақытжанова.
Жаңа жабдықтарды сатып алуға мемлекет қолдау көрсетті. Филармонияны техникалық жарақтандыруға облыстық бюджеттен 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жабдықтар кешеніне басқару және аспалы жүйесі бар LED-экран, кәсіби жарықтандыру құрылғылары мен акустикалық аппаратура кіреді. Айта кетейік, биыл тамыз айында мекеме әлемдік жетекші өндірушілердің жаңа музыкалық аспаптарының үлкен жиынтығын да иеленген болатын. Филармонияны жаңғырту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. 2027 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда Сонымен қатар жақын уақытта барлық шығармашылық ұжымдар жаңа сахналық костюмдермен қамтамасыз етіледі. Мұның барлығы өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, көрерменге ұсынылатын концерттік бағдарламалардың мазмұнын байытып, сахналық қойылымдардың көркемдігі мен әсерлілігін арттыруға мүмкіндік береді.

