Павлодар облысы орманында ерекше құс көзге түсті
Әдетте солтүстік тайгада мекендейтін самырсын құстары Павлодар облысы орманында жиі көзге түсе бастаған. Мамандар олардың өңірімізге келуіне азық тапшылығы себеп болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды irbistv.kz.
Құстардың оңтүстікке қарай қоныс аударуына солтүстік тайгадағы қорек тапшылығы себеп болуы ықтимал. Болжам бойынша, қылқанжапырақты ағаштардың бүрі мен жидектердің өнімі аз болғандықтан, самырсын құстары азық іздеп оңтүстікке бет алған.
-Қазіргі жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында бұл құстардың алдағы тағдыры да қызығушылық тудырады. Көктемде қайтадан солтүстікке ұша ма, әлде кейбірі біздің өңірде қалып қоя ма, әзірге белгісіз. Мұны алдағы бақылаулар көрсетеді. Егер самырсын құстары біздің аумақта тұрақты мекендей бастаса, олардың табиғи ортаға әсері әртүрлі болуы мүмкін, - деп атап өтті «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары.
Самырсын құстары қылқанжапырақты ағаштардың тұқымдарымен, жәндіктермен және олардың дернәсілдерімен қоректенеді. Сонымен қатар олар тұқымдарды әртүрлі жерлерге жасырып, азық қорын жинайды. Сол қордың бір бөлігі пайдаланылмай қалып, нәтижесінде жаңа ағаштардың өсуіне мүмкіндік туады.
фото: ertisormany_2003
