ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНДА 240 КИІЗ ҮЙ ТІГІЛЕДІ

Павлодар қаласына Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға 10 миллион теңге бөлінді. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, мейрам көрісу күнінен басталып 23 наурызға дейін атап өтіледі. Өңірде наурыз мерекесіне орай 240 киіз үй бой көтермек. Оның 115-і қала, аудан орталықтарында, 125-і ауылдық аймақтарда құрылады. Ал Павлодар қаласындағы 25 киіз үйдің алтауы орталық алаңда бой көтереді - деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес Павлодар облысында Әз Наурыз мерекесіне орай қала, аудан, ауылдық аймақтар толығымен қамтылып, 2500 шара ұйымдастырылмақ. Ұлыстың ұлы күні 14 наурыздан, яғни көрісу, амал мерекесінен бастау алады.

«Наурыз мейрамын 21-ші наурыз күні Павлодар облысының ауылдарында, елді мекендерінде тойлау ұсынылды. 22-ші наурыз күні қала мен аудан орталықтарында өткізу жоспарлануда. Осы күндері қалалар мен аудандарда 50-ден астам ұлттық салт-дәстүрлерді елге таныстыру ұсынылып отыр. Әрбір елді мекенде 21 күні бір салт дәстүрден көрсетіледі» - деді, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Медет Тауасқан.

«22-ші наурыз – жыл басы. Бұл күні мерекелік атмосфераны жасау үшін көпшілік іс-шаралар мен халықтық мерекелер өтеді. Барлық жерде этноауылдар мен мерекелік жәрмеңкелер өз жұмысын бастайды. Оған қоса, әр қалада, ауылда наурыз нақышымен безендірілген ең әдемі үй, ең таза подъезд, ең әдемі көше халықтық байқаулары өтеді» - деп Әлнұр Сейдуманов атап өтті.

Наурыздың 1-інен бастап өңірімізде «Ең әдемі киім - ұлттық киім» акциясы басталды. Сонымен қатар, қайырымдылық шаралары, тегін кинофильм көрсетілімдері мен көрмелер жұмыс істейді. Жыл басы Әз Наурыз мерекесіне орай кәсіпкер азаматтар да нысандарын мерекелік безендіруі шарт.

20 наурыз күні орталық алаңға апаратын жол жабылады. Көпшілік серуені наурыздың 22-сі сағат 11:00-де басталады. Павлодарлықтар мен қала қонақтары үшін Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас өнер көрсетеді.

Авторы: Альфия Омарова