Павлодар облысында үздік келін атағына байқау ұйымдастырылды

 

 

«Супер келін-2022» байқауы облысымыздың барша өнегелі де инабатты келіндерін бір сахнаға жинады. Бұнда аяулы аналар мен сүйікті жар атанған арулар өнерін, пысықтығын, ақылы мен даналығын көпшілікке паш етті.

 

Келіндер сыны 4 кезеңді кұрады. Бұл таныстыру, ұлттық тағам , «шебер келін» кезеңі және шығармашылық байқау. Арулар бірінен бірі асқан. Бірі даналығымен көзге түссе, екіншісі ерекшелігімен таң қалдырды. Алайда барлығында бар қасиет - үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу.

 

-Отан - отбасынан басталады деп, отбасының ұйытқысы ана болғандықтан , осы келіндеріміз тәрбиелі, ұлағатты, өнерлі келін болғандарын көргіміз келеді. Және де осы келіндеріміз отбасында қандай. Әрбір қыз бала мен тұрмысқа шыққанда өзім бақытты боламын деп емес, сол отбасын бақытты қыламын деп бару керек,-деп айтты «Нұр-ана» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, қазылар алқасының төрағасы Қайырлы Жақсыбаева.

 

Қатысушылар 18-28-ге дейінгі арулар. Жас келіндер қазылар алқасын таң қалдыру үшін барын салды. Мысалы Шарбақты ауданынан келген Ламияз Абдол бұл сайысқа екінші рет қатысып отыр. Және келіндік өмірдің қыр-сырын біледі.

 

-Келін ең әуелі күйеуінің ата-анасы мен өзінің ата-анасын бірдей көріп, сыйлап, үлкендердің батасын алу. Отбасы болғандықтан, әр үйде әртүрлі міндет болуы мүмкін. Бірақ ең басты міндеті – сол әулетке сіңу және сол әулеттің ұрпағын көбейту,-деп ойымен бөлісті сайысқа қатысушы.

 

Бұл іс-шара халқымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін жандандырып, отбасы құндылықтарын үгіттеу мақсатында ұйымдастырылды. Аруларға жүлделі орындар мен номинациялар берілді. Байқау жеңімпаздары дипломдармен, құнды сыйлықтармен марапатталды.