Павлодар облысының үздік оқушылары қомақты сыйақыға ие болды

Павлодар облысында түрлі салада топ жарып, қабілетімен көзге түскен, табандылығы мен талпынысы арқылы өзгелерге үлгі болған 100 бала «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысының иегері атанды деп хабарлайды irbistv.kz. Әр оқушыға 50 АЕК марапат табыс етілді.

 

«Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысы дарынды балаларды қолдап, олардың жетістіктерін дәріптеу мақсатында алты жылдан бері табысталып келеді. Марапат тек білім мен шығармашылықта үздік шыққандарға ғана емес, қоғам игілігі үшін батыл қадам жасаған жас азаматтарға да беріледі. Биылғы жеңімпаздармен облыс әкімі Асайын Байханов кездесіп, өскелең ұрпақтың жетістігіне құрмет көрсетті.

 

- Жастардың арасында Асайын Қуандықұлы өзінің ерекше кеңестерімен бөлісе отырып осындай сыйлыққа ие болып отырмыз. Бұл біз үшін өте зор қуаныш. Себебі бұл біздің тек бір жылдық еңбегіміз ғана емес, мектеп қабырғасында қатысып келе жатқан додаларымыздың жеңісіміздің жемісі, еңбегі деп білеміз. Осы уақытқа дейін біздің қатысқан орындармыздың ең әдемі нүктесі осы болды деп білемін, - дейді Шарбақты ауданы Хмельницкий ЖОББМ 11-сынып оқушысы Кәусәр Азамат.

 

Жеңімпаздар бес номинация бойынша анықталды. Әрқайсысы – өз бағытының үздігі, еңбегі мен талантының арқасында биік белесті бағындырған. Биыл байқауға қатысуға 700-ден астам өтінім түскен. Іріктеудің алғашқы кезеңінен сүрінбей өткен 331 үміткер облыстық деңгейде бақ сынады. Нәтижесінде жүз өрен үздіктер қатарынан көрініп, беделді сыйлыққа ие болды. Әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 216 мың 250 теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріліп, арнайы төсбелгі табысталады.

 

Бекбол Мырзахан