Павлодарда «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» балаларға мереке сыйлады
Павлодардың орталық саябағында Металлургтер күні қарсаңында «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ұйымдастырған кең ауқымды мерекелік шара өтті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. Балалар мен олардың ата-аналарына арналған мерекеде ойын-сауық бағдарламалары, шығармашылық шеберлік сабақтары және тегін тәттілер ұсынылды.
Мерекеге келген бүлдіршіндер қолөнер бұйымдарын жасап, сурет салып, түрлі байқаулар мен квестерге қатысты. Аниматорлар ұйымдастырған би мен ойындар шараның көркін қыздырып, орталық саябақ нағыз отбасылық демалыс орнына айналды.
Шығармашылық алаңдарда балалар сурет салу, мүсіндеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша өз қабілеттерін шыңдады. Әрбір қатысушы өз қолымен жасаған бұйымын естелік ретінде үйіне алып қайтты.
Мерекеге келген тұрғындар ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.
«Маған бұл жер өте ұнады. Сурет салып жатырмын, қызықты квестер көп екен», – дейді жас қатысушы.
Ал ата-аналар балалардың көтеріңкі көңіл күйі мен ұйымдастырушылардың қамқорлығына ризашылықтарын білдірді.
«Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Баламның қызығып ойнап жүргенін көрудің өзі қуаныш. "Ертіс гидрометаллургиялық комбинатына" алғысымыз шексіз. Баршаңызды Металлургтер күнімен құттықтаймыз!», – деді павлодарлық тұрғындардың бірі.
Келушілер арасында ең танымал орындардың бірі тегін тәттілер таратылған аймақ болды. Балалар балмұздақ, мақта кәмпиті, попкорн және салқын сусындардан дәм татты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекенің басты мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, отбасылық құндылықтарды дәріптеу. «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ұйымдастырған бұл шара ондаған павлодарлық отбасының басын қосып, ең қымбат сыйлық – көңіл, қамқорлық пен бірге өткізілген бақытты сәттер екенін тағы бір мәрте көрсетті.
