Павлодарда Қала күнін мерекелеуге 12 миллион теңге жұмсалады

Бұл қаражат тек тақырыптық алаңдарды ұйымдастыруға және негізгі концерттік бағдарламаны өткізуге бағытталады. Ал эстрада жұлдыздарының шығындарын демеушілер көтереді. Айта кетерлігі, концертке қатысатын әртістердің есімдері әзірге нақты жарияланған жоқ.

Павлодардың туған күніне арналған іс-шаралар шілденің 10-нан басталды. Атап айтқанда, жағажай футболы мен баскетболдан чемпионаттар өтті. Алдағы күндері қаланың бұрынғы әкімі Евгений Азаров туралы кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылып, көркемсурет музейінде павлодарлықтардың фотокөрмесі ашылады. Жалпы, спорттық, мәдени және бос уақытты тиімді өткізуге арналған түрлі шаралар жоспарланған. Негізгі мерекелік іс-шаралар 25 және 26 шілдеге белгіленген. Сенбі күні кешке Ertis Promenade сахнасында қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Алайда олардың есімдері әзірге құпия сақталуда.

«Әзірге бұл құпияны ашпаймыз. Келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Бірақ барлық жастағы көрерменнің көңілінен шығатын өнерпаздар келетініне сендіремін. Олармен бірге ән айтып, би билеп, мерекеден ерекше әсер алады. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде, сондықтан интриганы сақтай тұрайық», - деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Қала әкімдігінің мәліметінше, концертке қатысатын жұлдыздардың өнер көрсету ақысын демеушілер төлейді. Ал мерекелік отшашу мәселесі әзірге талқылану үстінде. Ұйымдастыру жұмыстарына бюджеттен 12 миллион теңге бөлінген. 26 шілде, жексенбі күні Қала күні аясында Павлодарда Counter-Strike ойынынан республикалық чемпионат өтеді. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен командалар қатысып, жалпы жүлде қоры 15 миллион теңге үшін бақ сынайды.

 

Айтмұхамбет Айғожа