Павлодарда суретші Александр Колодиннің жеке көрмесі ашылды

Павлодарда педагог, суретші әрі Еуразиялық көркемөнер одағының мүшесі Александр Колодиннің жеке көрмесі көпшілік назарына ұсынылды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. Экспозицияда қала мен табиғат көріністері тың қырынан бейнеленген ондаған туынды қойылған.

Автордың айтуынша, шығармашылық шабыт күтпеген сәтте келеді. Кейде жаңа картинаның идеясы түсінде туса, енді бірде қарапайым серуен кезінде туған әсерден пайда болады. Табиғаттағы жарықтың, судың немесе көлеңкенің шағылысы суретшінің қиялына қанат бітіріп, жаңа туындының бастауына айналады.

«Идеялар күтпеген жерден келеді. Кейде түсімде, кейде көшеде келе жатып пайда болады. Мысалы, шалшықтағы күннің шағылысын, оның астындағы тастарды көресің. Сол бір шағылыс пен көлеңке арқылы көптен іздеген бейнеңді кенеттен табасың», – дейді Александр Колодин.

Суретшінің айтуынша, әрбір картина – белгілі бір кезеңнің, көңіл күйдің және дүниетанымның көрінісі. Сондықтан барлық жұмыстарды бір ғана тақырыпқа топтастыру мүмкін емес.

Көрмеге келген өнерсүйер қауым экспозицияның ерекше атмосферасы мен шығармалардың терең мағынасына жоғары баға берді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, Александр Колодиннің туындылары көрерменге күнделікті өмірдегі қарапайым дүниелерге жаңаша көзқараспен қарап, олардың сұлулығын сезінуге мүмкіндік береді.

Көрме қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық және бейнелеу өнеріне қызығушылық танытатын барша көрерменді ерекше шығармашылық әлеммен танысуға шақырады.