Павлодардағы жаңа мектепке атышулы ескерткішті орната алмауда

Оған құжаттардың толық еместігі себеп деді мәдениет басқармасында. Естеріңізге салсақ, дәл осы ескерткіш үшін мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Оны жаңа оқу жылында орнатуы тиіс еді.

Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші «Сарыарқа» мөлтек ауданында жаңадан ашылған мектеп-лицей аумағында қыркүйектің 1-і пайда болуы тиіс еді. Алайда ол орын бос тұр.

-Республикалық ономастикалық комиссияның шешімі, бір айдың ішінде Әлихан Бөкейхенов атындағы мектеп болды деген қаулы шыққаннан кейін, біз мектепті қайта тіркейміз. Одан соң біз бюстті білім басқармасына беріп олар мектепке орнатады,-деп жеткізді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы м.а. Медет Тауасқан.

Басқармада хабарлағандай, қазіргі таңда бюст Потанин атындағы музейдің қоймасында сақтаулы тұр. Республикалық ономастиканың қаулысы оң шешімін тапса бірден орнатады. Естеріңізге сала кетсек, облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Самал Бегалинова осы ескерткішті соққан елордалық мүсіншіден пара алғаны анықталып, үш жылға бас бостандығынан айрылған еді.