Павлодарлық географ ерекше тасты суретке түсіріп алды

Ғажайып тас Баянауыл ауданынан 70 шақырым жерде Күркелі ауылы жанында орналасқан. Оны экспедиция мүшелеріне жергілікті тұрғындар көрсетіпті. Аңыз бойынша алып қолдың орнында бір кездері қайнар бұлақтың көзі болған деседі. Кейін тіршілік нәрін жұрттан қызғанған бай оны таспен жауып тастаған. Құздың сырт келбеті өте әдемі көрінеді.

 

- Осы экспедиция барысында біз бұл суреттерді  «Qazaq Geography» географиялық қоғамына фотоконкурсқа жіберген болатынбыз. Сол жерден көрген адамдар оны Таностың қолына ұқсатып, содан бері ол «Таностың қолы» деген атқа ие болды,  -  дейді географ Мұрабек Омаров.

 

Ерекше құз әр жағынан қарағанда әртүрлі көрінеді. Кейде алып қолға, кейде түйеге немесе қойға ұқсатуға болады. Алып жатқан жері он шаршы метрге жетсе, биіктігі шамамен 7-9 қабатты үйдей. Мұрабек Омаровтың айтуынша бұл аймақ  туристер үшін таптырмас орын болып табылады.