Павлодарлық мектеп оқушылары қарттар үйінде мерекелік думан өткізді

 

 

 

Алда келе жатқан қарттар күніне орай мектеп оқушылары аталар мен әжелерді құттықтап, көңілдерін көтерді. Арнайы мекемеде тұрып жатқан 200-ден астам қария бұл мерекені асыға күтетіні анық.

 

Назарбаев зияткерлік мектебі және Алтынсарин атындағы гимназия мектебінің оқушылары бірлесіп, қарттарға әуезді ән мен күмбірлеген күй сыйлады. Айтуларынша мұнда олар алғаш рет келіп тұрған жоқ. Ата-әжелерге қолдау танытып, көңілін көтеру, оларды ұмыт қалдырмау әрқайсымыздың міндетіміз деп санайды.

 

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, Нұрсұлтан НАҒАШЫБАЙ:

«Ұлы даламызда қаншама құрметке лайық қарт адамдар бар. Осы қарт адамдардың бүгін көңілін көтеріп, коцерт жүргізіп, оларды қалай құрметтейтінімізді бүгін көрсетіп отырмыз бүгінгі іс шарамен»

 

Ы.Алтынсарин атындағы гимназия мектебінің оқушысы, Бейбарыс РАФАИЛ:

«Мейірімге зәру адамдарды біз кішкене болса да езуіне күлкі жинатып, біз үшін ол аса қиын зат емес, себебі барлығы дарынды балалар болғасын өзінің білетінін дайындап алып келді. Бұл олардың өмірге деген талпынысын оятып, мейірімге бөлейді деп ойлаймын»

 

Қарттар үйінде қазірдің өзінде мерекеге дайындық басталып кеткен. Әйтсе де мұнда қарияларға атаулы күндерде ғана емес, үнемі ерекше қамқорлықпен қарайды.

 

Павлодар облысы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық әлеуметтік мекеменің мәдени ұйымдастырушысы, Людмила КОЛМАГОРОВА:

«Бүгіннен бізде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Жақында көрме ашылады. Біздің тұрғындар арасында тамаша дарынды суретшілер бар. Олар әзілмен түрлі карикатуралар салады. Қарттарға қуаныш сыйлағысы келетін ұйымдар, мекемелер және еріктілер көп»

 

Сонымен қатар оқушылар демеушілер көмегімен қарттар үйінің тұрғындарына мерекелік дастархан жайып, оларға өз аттарынан естелік сыйлықтар таратты. Оқушылар мұндай шаралар жыл бойы жалғасын табатынын айтты.