• Басты бет
  • Мәдениет
  • Тұрғындар көзімен: Потанин музейінде Павлодарға арналған көрме ашылды

Тұрғындар көзімен: Потанин музейінде Павлодарға арналған көрме ашылды

Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қала күніне арналған ерекше көрме өтті. «Павлодар - біз сүйетін қала» деп аталатын көрмеде түрлі жанрдағы суреттер ұсынылды деп хабарлайды irbistv.kz. Көрме шаһар тарихын ғана емес, оның тұрғындарының естеліктері мен жүрекке жақын сәттерін де бір арнаға тоғыстырады.

Экспозиция музей қорындағы жәдігерлер арқылы Павлодар қаласының қалыптасу тарихын баяндайды.Фотосуреттерде таныс көшелер, Ертіс жағалауы, сәулет нысандары, қаланың көркем келбеті мен оның тұрғындары көрініс тапқан. Қатысушылар да қарапайым қалалықтар. Олар өздерінің сүйікті шаһарын қалай көретіндерін көпшілік назарына ұсынды.

- Суреттердің авторлары кәсіби фотографтар емес. Олар сіз бен біз секілді қарапайым қала тұрғындары. Шамамен 14 адам қатысып отыр. Олар жай ғана көшеде келе жатып, өзіне ұнаған сәтті немесе ғимаратты суретке түсіріп алған десе де болады. Алайда олардың әрқайсысы біреге болып шықты, - дейді Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Анастасия Щеглова.

Әрбір фотосурет – Павлодардың өткенінен сыр шертетін үнсіз шежіре. Фотокөрме арқылы Павлодардың күнделікті тыныс-тіршілігі, табиғи келбеті, сәулет ерекшелігі мен қала тұрғындарының өмірі жаңа қырынан ашылды.

Қала күніне арналған көрмеде алпыс шақты фото өнер бағалаушыларының назарына ұсынылып, келушілердің барлығын тәнті етті.