Ж.Аймауытов театрында «Менің атым - Қожа» спектаклі сахналанды

 

Қойылым Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына орайластырып, 35-ші маусымды аяқтады дейді irbistv.kz тілшісі.

 

«Менің атым Қожа» шығармасы 1957 жылы жазылған, бірнеше жылдан соң фильм де жарық көрген. Шығарма орыс, француз, өзбек және басқа тілдерге аударылды. Сондықтан премьера әр адамға бұрыннан таныс. Айта кетсек, Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Спектакльдің басты рөлінде – Бекнұр Дастан, ал режиссері – Жангелді Садықов.

 

- Бұл қойылымда үлкенге болсын, жасқа болсын талай естеліктер бар. Өйткені үлкендер көрсе, өздерінң бала кездеріндегі естеліктерін көреді, балаларға алатын тәрбиелік маңызы өте зор. «Менің атым – Қожа» биыл бізде театрда 35-ші маусымның жабылуына орай келіп тұр,-деді облыстық қазақ музыка-драма театрының актері Бекнұр Дастан.

 

- Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы аталып өтілуіне байланысты және бұл шығарманың өзектілігі, бұл шығарманың қазіргі замандағы айтар ойы өте салмақты,- деді режиссер Жангелді Садықов.

 

Спектакль қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін айқындайды. Бердібек Соқпақбаевтың шығарма желісі бойынша сахналанған кезекті премьераның фильмнен ерекшелігі басты кейіпкерді екі актер ойнады. Бірі – ақылды, тәртіпті Қожаберген болса, екіншісі – бұзық, сотқар Қара Қожаны сомдады.

 

35-ші маусым «Менің атым Қожа» драмасымен аяқталды. Театр ұжымы бұл маусымда 4 премьераны көрермен назарына ұсынып, 90-ға жуық қойылымды сахналады.