«Маленькая страна» бейнелеу өнері студиясы 30 жылдығын тойлады
Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде балалар көркемсурет мектебі жанындағы «Маленькая страна» бейнелеу өнері студиясы 30 жылдығын атап өтті деп хабарлайды irbistv.kz. Атаулы шараға орай мерейтойлық көрме ұйымдастырған.
Студия тарихы 1996 жылдан бастау алады. Ол балаларды ерте жастан бейнелеу өнеріне баулуға ұмтылған ата-аналардың бастамасымен құрылған. Бүгінде студияда 4 пен 9 жас аралығындағы балалар білім алады. Мерейтойлық көрмеде студия тәрбиеленушілерінің әр жылдары салған туындылары ұсынылған.
-Мен көркемсурет сабағына алты жылдан астам уақыт барып жүрмін. Маған өте ұнайды. Мен мұнда өзім үшін көп нәрсе үйрендім. Сурет салу техникасын меңгердім. Мен негізінен жануарларды салғанды ұнатамын, - дейді «Маленькая страна» бейнелеу өнері студиясының тәрбиеленушісі Бэлла Джамалова.
-Сурет салғанда әр детальға мән беру керек. Картинаң әдемі шығу үшін тіпті ұсақ-түйектің де маңызы зор. Мұның барлығын біздер ұстаздарымыз үйретеді. Бүгінде соның нәтижесін көріп жатырмыз, - дейді «Маленькая страна» бейнелеу өнері студиясының тәрбиеленушісі Арулан Тілеуберген.
Изостудия тәрбиеленушілері сабақ барысында түс, пішін, композиция туралы бастапқы түсініктерді меңгереді, бақылау қабілетін, қиялын және көркемдік ойлауын дамытуға мүмкіндік алады.
-Балалар біздің мектепке бес жастан бастап келіп, өзінің өнер жолында өнерге деген құштарлығын ашып, түстер палитрасымен таныса бастайды. Кейін бірінші сыныпқа қабылданып, болашақты архитектор, дизайнер мамандықтарын таңдап алады, - дейді Павлодар қаласы балалар көркемсурет мектебінің құрылымдық бөлімінің жетекшісі Дамир Смыков.
Айта кету керек, студия тәрбиеленушілер жылдар бойы түрлі халықаралық, республикалық және өңірлік байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздары. Олардың шығармалары Жапония, Болгария, Бразилия, Германия, Чехия секілді көптеген елдерде таныстырылған. Өз ісін сүйген педагогтер әр баланың өнер әлеміне деген жолын ашуды жалғастырып келеді.
Бибінұр Хамитқызы
