Ұлттық рух – жас суретшілер көзімен
Басты мақсат – қазақтың бай мәдени мұрасын сақтап қана қоймай, жас ұрпақтың оған деген қызығушылығын ояту. Қала мектептерінің оқушылары белсенді қатысқан бұл ауқымды бастаманың соңы ең үздік жұмыстардың басын біріктірген көрмеге ұласты.
-Мен көркемсурет мектебіне 7 жасымнан, әуелі изостудиядан бастап бардым. Қазір көркемсурет мектебінің 1-сыныбында оқимын. Осы жоба аясында асық ойыны мен бәйге тақырыбына сурет салдым. Жалпы, қазақтың ұлттық ойындары туралы туынды жасау маған өте қызықты болды, – дейді жас суретші Раяна Сембаева.
Жас қылқалам шеберлері үшін бұл тек кезекті тапсырма емес, ұлттық мәдениетке жаңа қырынан үңіліп, оны терең түсіну мүмкіндігіне айналды. Олар өз жұмыстарында ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен өмірінің ажырамас бөлігі болған дәстүрлі ойындардың көрінісін шебер бейнелей білді.
- Бұл жоба мүмкіндігінше көп баланың ата-бабаларымыз бұрын ойнаған, бірақ уақыт өте келе ұмытыла бастаған дәстүрлі ойындарымыз туралы білуі үшін қолға алынды. Жоба өте мазмұнды шықты, ол бірнеше кезеңнен тұрды. Біріншісі – танысу кезеңі болды, балалар бұл тақырыпты ғылыми тұрғыдан зерттеп, рефераттар жазды, кейіннен мектептерде ұлттық ойындар ұйымдастырылды, – деп атап өтті Павлодар қаласы балалар көркемсурет мектебі директорының орынбасары Гүлнар Мұхаметкалина.
Шара соңында байқаудың үздік жұмыс авторлары арнайы дипломдар мен грамоталармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалар балалардың шығармашылық қабілетін ашып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімді.

