Ұлттық валюта күні қарсаңында Павлодарда көрме ашылды
Қазақстанның ұлттық валютасы ерекше орын алады. 1993 жылы теңге айналымға енгізілгеннен бері ақша белгілері бірнеше рет жаңарып, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы маңызды кезеңдерді бейнелеп келеді. Банкноттарда тарихи тұлғалар, сәулет ескерткіштері мен еліміздің мәдени мұрасы көрініс тапқан. Тарихи-өлкетану музейіндегі көрме Павлодар қаласына танымал коллекционер, Қазақстанның еңбек сіңірген педагогі, тарихшы Виктор Столяровпен бірлесіп ұйымдастырылды. Оның отбасының жеке коллекциясы бұған дейін де түрлі көрмелер мен экспозицияларда бірнеше рет көпшілік назарына ұсынылған.
- Біз көне дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңді кеңінен қамтып отырмыз. Көрмеде тек монеталар ғана емес, түрлі төсбелгілер, үстелдік медальдар, банкноттар, сондай-ақ ғылыми-көпшілік әдебиеттер топтамасы ұсынылған.Яғни, біз нумизматиканың сан алуан бағытын қамтитын кешенді экспозиция әзірледік. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы нумизматиканың даму тарихына кеңірек тоқталамыз, - дейді тарихшы, коллекционер, нумизмат Виктор Столяров.
Көрме тек коллекционерлер мен тарих әуесқойларына ғана емес, жас ұрпаққа да қызықты болмақ. Ол келушілерге ұлттық валютамыздың тарихы, ерекшеліктері мен еліміз үшін маңызы туралы тереңірек білуге мүмкіндік береді.

