• Басты бет
  • Қоғам
  • «Иесіз иттен қауіп көп»: Таволжан ауылының тұрғындары шағымдануда

«Иесіз иттен қауіп көп»: Таволжан ауылының тұрғындары шағымдануда

 

 

Успен ауданы Таволжан ауылының тұрғындары дабыл қағуда. Айтуларынша елді мекен ішінде иесіз иттер малдың құтын қашыруда. Мал дәрігерлік қызметке те, әкімдікке де талай айтқанымен еш нәтиже жоқ.

 

Құтырған иесіз иттер 16 қойды жарып тастап, он шақтысын жаралаған. Ата-аналар болса тіпті балаларының үйден ересектерсіз бір қадам аттап шықпайтынын айтады.

 

-Балаларды мектепке жалғыз жібере алмайсың. Таңертең апарып, кешке алып кетесің. Өйткені қаңғыбас иттер көп. Малды талап жатқанда баланы жарып тастауы әбден мүмкін ғой,-дейді Таволжан ауылының тұрғыны Наталья Бабич.

 

-Малды көз алдында жарып кетті. Қуғаннан пайда жоқ. Әкімдікке, полицияға тіпті прокуратураға айттық. Нәтиже шықпады,-дейді өзге тұрғын Сәкен Рахимжанов.

 

Малын ит талаған ауылдықтарға келген шығын әртүрлі. Иесіз төрт аяқтылардың саны кейде тіпті оннан асып кетеді дейді.

 

-Таволжан ауылы тұрғындарының өтініші құзіреттілігі бойынша Успен ауданының ветеринария бөліміне жіберілді. Олар учаскелік инспектормен 4-рет шығып, 50 шақты ит ауланды,-деп жеткізді Равнополь ауылдық округінің әкімі Мұхтар СҚАҚОВ.

 

Әкімдікте иттердің көзін толық құрту мүмкін емес дейді. Себебі елді мекен жол бойында орналасқан. Көбісін күшік кезінен жолда тастап кетеді екен. Дегенмен де ит аулауды өтінім бойынша жүзеге асырады.