• Басты бет
  • Қоғам
  • «Строитель» бағбаншылығы тұрғындары үш жыл бойы жер телімдері мәртебесін ауыстыра алмауда

«Строитель» бағбаншылығы тұрғындары үш жыл бойы жер телімдері мәртебесін ауыстыра алмауда

 

 

Павлодарлықтар қала жоспарына өзгерту енгізуді сұрайды. Айтуларынша, жер телімдері мәртебесін жеке тұрғын үй құрылыс ретінде тіркеу қажет. Бүгінде олардың мәселесі қала әкімдігінің қабылдауында талқыланды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

«Строитель» бағбаншылығының тұрғындары бірнеше жыл бойы аталмыш мәселені көтеріп келеді. Олар жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылыс мәртебесіне ауыстыра алмай отыр. Мәселен, саяжай тұрғындарының басым бөлігі өздерінің алты сотык жеріне баспана көтерген. Енді баспанаға коммуникация тарта алмауда. Алпауыт жарық құралдарының қуаты жетіспеушілігіне байланысты рұқсат қағаздарын бермейміз дейді.

 

Жарық мәселесі бағбаншылықтағы Жасминная, Рябиновая және Вишневая көшесінің тұрғындарына қатысты.

 

- Қыркүйектің 23-і күні біз сіздермен кездескен едік. Ол кезде мен мәселені жан-жақтан қарастыру қажет дедім. Бүгін жауапты мамандармен жиналдық. Электр алпауытына хат жіберілген болатын. Олар аудандағы электр энергиясының қуаттылығын тексерді,-деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Қадиша Беготаева.

 

Бастамашы топ олардың үйлерін жақын маңайдағы жаңа кешенді трансформаторлық бекеттерге қосуды сұрады. Шенеуніктер, олар Достық ауданындағы құрылысы жүріп жатқан баспаналарға тиесілі деп айтты. Ықшам ауданда барлық нысандар бой көтергеннен кейін электр қуаты қалып жатса, бұл мәселені қарастырамыз деді.