• Басты бет
  • Қоғам
  • Ішінде компромат бар: Флешкамен бопсалау үшін екі павлодарлық абақтыға қамалды

Ішінде компромат бар: Флешкамен бопсалау үшін екі павлодарлық абақтыға қамалды

 

 

Ер адамдарға бопсалау бабымен 8 жыл берді. Қылмыстық істі жабық тәртіпте қарады. Тергеу нұсқасы бойынша қаскүнемдер оларды таратпайтындарына шамамен 24 миллион теңге алған дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Ақсу тұрғынын 2021-ден 2023 жылға дейін бопсалаған. Тергеу нұсқасы бойынша осы уақыт бойы екі жігіт оның ар-ұятына кір келтіретін мәліметтерді жариялаймыз деп қорқытып келген. Флешкада сақталған қандай да бір мәліметтер халық арасына тарап кетпес үшін қыз үнемі оларға ақша төлеп келген.

 

- Жапа шегуші ұзақ уақыт бойы ақша табудың түрлі мүмкіндіктерін іздестіріп, бұл мәліметтер жария болмас үшін соңында өзі жұмыс істеген дүкен кассасынан ақша алған,-деді Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясыҚұдайбай Сұлтанов.

 

Жапа шегуші алтындарын салып, несие алуға мәжбүр болған. Алайда 2023 жылдың шілдесінде шыдамы таусылған соң полицияға жүгінген. Он күннен кейін күдіктілерді ұстады. 32 және 33 жастағы павлодарлық жігіттер сотта кінәларын толық мойындамады. Істі алаяқтық бабымен қозғатуға тырысты, олар Ақсу тұрғыны ақша қарыз деп көрсеткісі келді. Алайда сот бұл бопсалау деген қорытындыға келді.

 

- ҚК 194-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып оны мүлкін тәркілеумен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын,-деді Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Құдайбай Сұлтанов.

 

Ақсу тұрғынымен хабарлама жазысқан барлық смартфондарды тәркіледі. Сонымен қатар айыпталушыларды жапа шегушіден алған шамамен 24 миллион теңгені қайтаруға және моральдық шығын үшін 3 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Айта кету керек, прокурор 11 жыл тағайындауды сұрады. Сот жеңілдететін жағдайларды ескере отырып басқаша шешті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.