• Басты бет
  • Қоғам
  • Қала әкімі Катаев көшесінде жөндеу жүргізіп жатқан мердігер жұмысын сынға алды

Қала әкімі Катаев көшесінде жөндеу жүргізіп жатқан мердігер жұмысын сынға алды

Павлодар әкімінің тұрғындармен кездесуі барысында абаттандыру, қоғамдық көліктердің жүрісі және қаңғыбас иттер мәселесі көтерілді. Шара барысында шаһар басшысы кейбір мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын сынға алды.

 

Асайын Байханов Павлодардағы инженерлік желілердің жөндеуі және абаттандыру туралы есеп берді. Биыл жоспарланған 53 жеке сектор көшесін асфальттау мәселесі битумның жоқтығынан пайда болған. Магистральді көшелер бойынша олқылықтар бар екен.

 

-Назарбаевтан Ломовқа дейінгі аралықта Катаев көшесінде жүріп жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне көңіліміз толмауда. Мердігерге хабарламалар жолданды. Уақытында аяқтауға үлгермеуі мүмкін. Қазір аталмыш мәселе біздің бақылауымызда, -деп мәлімдеді шаһар басшысы.

 

Сондай-ақ, қала әкімі биыл автобус паркіне 30 жаңа көлік сатып алғаны туралы хабарлады. Тағы 20-сы қазан айында және қосымша 50-і жыл соңына дейін желіге шығады. Мәселелі №111, 153, 157 бағыттары туралы да сөз қозғалды. Бүгінде әкімдік тасымалдаушылармен келісімшартты бұзған. Алдағы уақытта жаңа конкурс ойнатылады.

 

 

-Бізде мемлекетке тиесілі автопарк жоқ. 7-ші маршруттың жүру бағыты басқа бағыттармен қиылысады. Сол себепті жолаушылардың саны аз. 7-ші маршрутты бірнеше рет конкурс арқылы ойнаттық. Бірақ тасымалдаушылар бұл бағытта қызмет еткісі келмейді,-дейді қала әкімі.

 

Ал Жаңаауыл тұрғындары бос жүрген жануарлардың мәселесін көтерді. Жаз бойы елді мекендегі үй жануарларын қаңғыбас иттер талаған. Бұл ретте, ветеринарлық қызмет ешқандай шара қолданбайды дейді ауылдықтар.

 

-Мұнда жануарларды ұстау қарастырылуы керек. Кейін арнайы орынға жеткізіледі. Бұл жұмыстармен ветеринария басқармасы айналысады. Жаңауыл бойынша бұл жұмыстарды күшейтуді сұрайтын боламыз. Ал келтірілген залал бойынша сіз сотқа жүгіне аласыз, -деп жеткізді Асайын Байханов.

 

Айта кетсек, соңғы халықпен кездесу шарасы мамыр айыда өткен болатын. Ол кезде 44 мәселе көтеріліп, оның 80% шешімін тапты.