Қансорғыштар маза бермеді: Облыста улау жұмыстарына 9 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ
Биыл Павлодар облысында қансорғыштарды улау жұмыстарына бөлінетін қаражат үш есе артты. Ол шамамен 9 миллирд теңгеге жуық болмақ. Сәйкесінше 2024 жылдан бастап бұрын мүлдем өңделмеген 4 аудан қосылады. Бұған тұрғындардан түскен шағымдар себеп. Қазір мемлекеттік сатып алулар сайтында тендер жарияланған.
Соңғы екі үш жылда қансорғыштармен күрес жұмысы нәтижелілігін көрсетуде дейді мамандар. 2021 жылы облыстық мердігерге үш жылдық келісімшарт бойынша жалпы 1,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Дегенмен де Ақтоғай, Тереңкөл, Павлодар аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймағынан шағым көп түсті. Сол себепті биыл сары маса мен шіркейді улау аясы кеңейеді.
- Бұған Тереңкөл ауданындағы 12 ауыл, Ақтоғай ауданындағы 17 ауыл, Павлодар ауданындағы 18 ауыл, Ертіс ауданындағы 12 ауыл кіреді, бұл аудандарда келесі жылдан бастап күнделікті барьерлік өңдеу жұмыстарын алғаш рет облыстық мердігер атқарады. Бұл сапалы нәтиже алу үшін жасалып отыр,-деді Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.
Жалпы жайылма аумағын өңдеу 4,5 есеге, өзенді өңдеу 1,5 есеге артады. Осылайша жалпы алаң бұрынғы жылдармен салыстырғанда бес есе ұлғайды. Яғни 27 мыңнан 127 мыңға артып отыр. Бұл аталған шараларға жылына 2,9 миллиард теңге жұмсалса, үш жылдық сома шамамен 9 млрдқа жақын болмақ. Мердігер өңдеу тиімділігін 80 пайызға жеткізбесе қаражат төленбейді деп атап өтті басқарма басшысы. Ал соманың басым бөлігі ерітіндіге жұмсалмақ.
- Ең көп ақша биологиялық препаратқа жұмсалады. Бізге 157 мың тонна қажет. Және 12 мың тонна химия қолданылады. Қымбаты - биологиялық-химиялық препарат. Ол тұрғындар мен қоршаған орта үшін анағұрлым қауіпсіз және дернәсілдерді жою бойынша ең тиімді көп компоненттісі сатып алынбақ. Бағасы литріне 30 мыңнан 70 мың теңгеге дейін,-деп мәлім етті Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.
Қазіргі таңда өңдеу жұмыстарын орындауға әлеуетті мердігерлер үшін конкурс жарияланған. Құжаттар 25 қарашаға дейін қабылданады. Әзірге ешкімнен өтінім түспеген.