Қауіпсіз өнімді таңда: Павлодарда көкөніс пен жемістерге санэпид тексеріс жүргізілуде
Мамандар нитрат мөлшерін тексереді дейді irbistv.kz тілшісі.
Жаз мезгілі басталысымен тұрғындар балғын жемістер мен көкеністерді көптеп тұтына бастайды. Дей тұрғанымен, олардың нитрат мөлшерінің нормаға қаншалықты сай екендігін аңғармай жатады. Тіпті, уланып қалатын жағдайлар да бар. Бүгін санэпид мамандары мұндай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін биылғы алғашқы сынамаларды алуды бастады. Нәтиже әзірге жаман емес.
-Бүгін біз қызанақ, қияр, алма, банан, сарымсақ және қызылша өнімдерінен сынама алдық. Оларды оңтүстік өңірден әкелген. Нитрат мөлшері нормаға сай,-деді Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Анар Мұсатова.
Бұл ретте, көпшілік сүйсіне жейтін құлпынайдың да сынамасы таза болып шықты. Мамандар сонда да сақтық шараларын естен шығармау керектігін айтуда. Әсіресе, сатып алған өнімдерді 1-2 сағатқа суға салып қою қажет дейді. Айта кетейін, рейд жұмыстары маусымның 20-на дейін жалғасады.