ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Павлодар облысының активімен кездесті
Облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділерімен өткен жиында Ұлттық құрылтай тапсырмалары мен өңірлік даму бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, мемлекет басшысының кеңесшісі білім саласының өкілдерімен де кездесті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Білім саласының өкілдерімен кездесу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Павлодардағы ақпараттық технологиялар колледжіне барды. Сұранысы күннен күнге артып келе жатқан IT саласының мамандары дәл осы жерде тәрбиеленіп, білім алуда. Бұл үшін заманауи жағдай жасалғандығы көрсетілді. Кейін Мәлік Отарбаев өңіріміздің білім беру ордаларының басшыларымен кездесті. Ұстаздар қауымына еңбектері үшін алғыс білдіре отыра, қызметтерінің маңыздылығына тоқталды.
- Ұстаздарымыз жігер беру керек, барлық жағдай жасау қажет. Бірақ, ұстаздарымыз да, ұстаздық етуді ұмытпау керек. Өйткені ұстаздықтың астарында азаматтық, адалдық, тектілік, көрегенділік жатыр. Ұстаздардың арқасында ел, ел бола алады, мемлекет, мемлекет болып қалыптасады. Ал қағазға жазып берген дүниені жаттай салу, белгілі ереже шеңберінде өмір сүру екінің бірінің қолынан келе береді,-деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Мәлік Нұржанұлы іссапары аясында облыс активімен де кездесті. Жиында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай тапсырмалары мен Ертіс-Баян өңірінің даму бағыттары сөз болды. Президент кеңесшісі өз сөзінде қазіргі ең маңызды мәселе мемлекетті сақтау, тәуелсіздігімізді нығайту және мемлекетшілдік дәстүрді жалғастыру екенін атап өтті.
- Шын мәнісінде, ұлттық құрылтай тек идеологиямызды ғана емес, мемлекеттік ұстанымымызды айқындап отыр. Сондықтан ұлттық құрылтайда мемлекет басшысының әрбір сөзіне мән беріп, тиісті тапсырмаларды дер кезінде орындап отырамыз,-деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Осы күні сыртқы қауіп-қатерлердің бар екендігі жасырын емес, бұл жолда ел болып бірігу қажет деп атап өтті мемлекет басшысының кеңесшісі. Мәлік Отарбаев, алдағы тәуелсіздіктің 40 жылдығын бүкіл халық болып атап өту және егемендігімізді мәңгі ету — басты мақсаттардың бірі деді.
