20 мың ағаш үшін 777 миллион теңге

Аталмыш жұмыстарға интерактивті карта көмегін тигізеді. Жоба аясында қаламыздағы ағаштардың барлығы түгенделіп, электронды қоры жасалған. Бағдарламаны дайындау демеуші есебінен болғанымен, қала әкімдігі қызмет көрсету мен жүйелік жаңартуға ай сайын 2,5 миллион теңге бөледі. Айту керек, интерактивті картаны әзірлеу барысында облыс орталығында 97 429 жасыл желек өсетіні анықталды. Биыл олардың саны артады деп жоспарлануда.

 

- Биыл 20 мың ағаш отырғызуға 777 миллион теңге қарастырылған. Олардың ұласып өсуі бойынша 1 жылдық кепілдік бар. Мердігер ай сайын 8 рет суарып отырады. «Sport City” аумағында 300 гектар жер бос жатыр, Назарбаев даңғылының өзінде жасыл желекке арналған жер табуға болады, - деп мәлмдеді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.

 

Жұмыстың сапалы болуы үшін әр өсіндінің жағдайын 12 ай бойы аңдып отырудан басқа амал жоқ.

 

- Жас ағаштардың саны өте төмен. Дегенмен, жасыл желектерді жыл сайын отырғызады. Біреу дұрыс баптамайды, суармайды, нәтижесінде өсінділер өліп қалады. Сондықтан мердігерлерге қатаң бақылау жүргізуді өз мойынымызға аламыз,- дейді биолог Татьяна Пономарева.

 

Қала ағаштарының суарылуы GPS-навигатормен қадағаланатын көрінеді. Жалпы интерактивті карта Павлодардың жасыл қалаға айналуына түбегейлі өзгеріс енгізуіне ықпал етеді деп сендірді жоба жетекшілері.

 

Авторы: Дархан Бекишев