• Басты бет
  • Қоғам
  • 2022 жылы Павлодар облысының бюджеті 350 миллиардқа жуық теңгені құрайды

2022 жылы Павлодар облысының бюджеті 350 миллиардқа жуық теңгені құрайды

2022 жылға облыстық бюджет көлемі 346 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 110 миллиард республикалық бюджеттен келген трасферттер. Меншікті кіріс көлемі – 44 миллиард теңгені құрайды. Әдеттегідей қазынаны жоспарлау барысында әлеуметтік бағытқа басымдылық беріліп отыр. Бұл салаға бюджеттің 53 пайызы жұмсалмақ.

- Әлеуметтік шығындардың басым бөлігі 143 миллиард теңге білім беру саласын дамытуға бағытталған. 2022 жылы облыстың 827 ұйымында 200 мыңнан астам бала мектепке дейінгі білім беру, кәсіби техникалық білім берумен қамтылады. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде бейнебақылау камераларын, дабыл түймесі мен турникеттерді орнату жұмыстары жалғасатын болады, - дейді Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук.

2022 жылы тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 1,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл Павлодар қаласындағы екі жылу магистралінің құрылысын аяқтау және Ақсу қаласында магистральді және жылу таратқыш желілерін жаңғырту. Сондай-ақ, облыс орталығындағы 150 ауладағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 3,6 миллиард теңге бағытталады. Ал Екібастұзда 386 миллионға 11 аула абаттандырылады. Бұдан бөлек, қазына есебінен мектептердегі жүктеме мәселесі шешілмек.

- Мектептердегі орын тапшылығын екі бағыт бойынша жабатын боламыз. Бұл бірнеше ауысыммен жұмыс істейтін жүктемесі жоғары білім беру мекмемелеріне жапсарлас құрылыс салу арқылы және «Достық» шағын ауданында жаңа мектеп салу. Айта кету керек, бұл жоба мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Қаржаттың бір бөлігі республикалық қазынадан, бір бөлігі жергілікті бюджеттен бөлінеді және шығынның жартысын бизнес өзіне алады, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Осы ретте, облыс әкімі жоспарланған бюджеттің сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, соңғы екі жыл қатарынан төртінші тоқсанда жұмсалмамаған қаражатты жинақтау тенденциясы сақталып отыр. Бұл бюджеттің бір теңгесінің тиімділігін түсіреді. Сондықтан бюджет шығындарының тиімділігі максималды болу керек деді аймақ басшысы.

 

Авторы: Аида Адрахова