50 аялдамаға - 99 миллион

Эскиздік жобасы дайын болғанымен, адамдар үшін ең бастысы жаңасы жел мен жаңбырдан қорғаса болғаны.

 

-Бұл аялдамалар жарамсыз. Қардан да, жаңбырдан да қорғамайды. Қорқынышты,- дейді қала тұрғындары.

 

Осыған байланысты биыл коммуналшылар аялдама павильондарын жаңартудан бұрын, эскиздік жобаға көңіл бөлген. Тұрғындардың талабын назарға ала отырып, барынша жабық аялдама орнатуға тырысады.

 

- Орташа есеппен бір аялдама павильонының құны шамамен 1,5 – 2 миллион теңге аралығында. Ол металл құрылымнан болады. Шынысы вандалдарға төзімді болмақ. Бейне камера және лайтбокстарды орнатуға тырысамыз. Алдағы уақытта, Шөкин, Лермонтов және Естай көшелерінде пайда болады,- дейді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Арслан Қалияқбаров.

 

Биыл жалпы 50-ге жуық аялдама жаңартылады. Бұл жұмыстарға 99,6 миллион теңге қарастырылған. Демонтаждалған ескі павильондарды Павлодардың басқа аудандарына немесе мүлдем аялдама болмаған саяжайларға орнатады.

 

Авторы:Айтмұхамбет Айғожа