Павлодарлықтар ауладағы құрылыс жұмыстарына қарсы

Мұнда ескі балалар алаңы мен газгольдерлерден кейін бос тұрған аумақ бар. Төрт көпқабатты үйдің тұрғындары бірнеше жыл бойы заманауи ойнайтын жер жасауды сұраған. Жуырда ауланың қақ ортасы қоршауға алынып, ешқандай нысан құжатынсыз құрылыс жұмыстары басталды. Адамдар сұрай бастағанда әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізіліп жатқандығын білді.

 

- Біздің кіп-кішкентай алаңымызда болып жатқан құрылысқа қарсымыз. Мына алаңның ішіне 4 үй қарап тұр. Қаншама адамдармен қанша пенсионер, ішінде қанша майда балашаға, немере біз қарсымыз. Одан да бұл жерге газгольдерлердің кіп-кішкентай жерге мынадай үлкен екі комнаталы квартираның құрылысын жасап жатыр. Ол екі этажды болады дейді. Бұл өте түсініксіз жағдай. Басшылар қалай рұқсат берген соны түсінбей отырмыз, - дейді Торайғыров көшесіндегі №103-үйдің тұрғыны Қарлығаш Біттібаева.

 

- Кешке аулада көліктер қаптайды. Онсыз да мұнда орын жоқ. Ал олар болса, екі қабатты дүкен орнатпақшы. Тым тар ауламыз. Жуырда тіпті жедел жәрдем өте алмаған. Айналамызда 8 дүкен бар. Оның бұл жерде қажеттілігін түсінбейміз. Неге мұндай құрылысты бастамай тұрып, жергілікті тұрғындардың ойын ескермейді. Біз бұған толықтай қарсымыз, - деді Торайғыров көшесіндегі №99-үйдің тұрғыны Людмила Шишкарева.

 

Адамдар наразылық танытуда. Қала жерлері тұрғындармен және сәулет бөлімімен келісіліп таратылуы тиіс деп санайды. Бөлім мамандары құрылысшының эскиздік жоспары 2018-ші жылдың желтоқсан айында бекітілгенін мәлімдеді. Құрылыс барысын бақылау олардың құзіретіне кірмейді. Мердігердің рұқсат құжаттары бар деді.

 

- Бүгінде әлеуметтік дүкеннің құрылысына арналған барлық құжаттары бар. Инженерлік коммуникацияларды тарту кезінде ол барлық коммуналдық қызметтермен келісіп, техникалық шарттарды алуы қажет. Коммуналдық қызметтер қауіпсіз жерлерге қосылуға кеңес береді, - деді Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайыргелді Бексейітов.

 

Адамдар ауладағы құрылысты болдырмауға шын бекінген. Жер телімдері қаншаға тұратынын білгісі келеді. Қажет болған жағдайда қаражат жинап, сатып алуға дайынбыз дейді.