• Басты бет
  • Қоғам
  • 92 жасар Валентина Крылова қарттар күні назарсыз қалғанына өкпелі

92 жасар Валентина Крылова қарттар күні назарсыз қалғанына өкпелі

92 жастағы Валентина апа - еңбек ардагері. Соғыс жылдары балалық шағына қарамастан тынбай жұмыс жасаған. Алайда қазір зейнеткер назарсыз қалдым дейді. Айтуынша қарттар күні оны ешкім құттықтамаған.

- Соғыс жылдары еңбек еткенім үшін медальдерім бар. Куәлігім де бар. Алайда ешкім алғыс айтпады. Тіпті мереке күні де ешкім құттықтамады. Өкінішті, - дейді еңбек ардагері Валентина Крылова.

- Анам үшін қыңжыламын. Ештеңеге мұқтаж емеспіз, зейнетақымыз жетеді, сыйлықтың да қажеті жоқ. Оны құттықтамағандары өкінішті. Жасы 92-де. Көңіл ғой, - деп ағынан жарылды Валентина Крылованың қызы Евгения Щекотова.

Әлеуметтік қорғау бөлімінде Валентина Евдокимовна қарттар күніне орай төлем алғандардың санатына жатпайтынын мәлімдеді. Қаражат тек  ең төменгі зейнетақы көлемін алатындарға бөлінген. Бұл  61731 теңгені құрайды.

- 80 жасқа толғандарға және одан асқандарға 8459 теңге және ең төменгі зейнетақы алатын тұлғаларға 3500 теңге төленді. Крылова Валентина Евдокимовнаға зейнетақы мөлшері төмен болмағандықтан ол кісіге бұл әлеуметтік төлем төленбеді, - дейді Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Айнұр Адамжанова.

Әлеуметтік қорғау бөлімінде Валентина Евдокимовнаны қарттар күні құттықтамағанымен жыл сайын Жеңіс күні назардан тыс қалдырмайтындарын жеткізді. Мысалы биыл ол 9 мамырға 30 мың теңге көлемінде қаражат алған.