Аққулы ауданында жолды жөндеу кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды
Аққу – Қазы – Майқарағай тас жолында жолды жөндеу ұзаққа созылуда. Мердігерлік ұйым өкілдері аталмыш телімді маусым айының соңына дейін аяқтауы тиіс еді. Бірақ, жұмыс көлемі үлкен болғандықтан, бір қабатты төсеп үлгерді. Көліктер легінің үлкен болуына орай, жабын жарамсыз болып қалды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Аққу – Қазы – Майқарағай тас жолында жөндеу жұмыстары маусымда өткен. Қазір тас жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Ойықтар пайда болып, асфальттың алғашқы қабаты опырылып кеткен. Аққулы ауданының әкімдігінде жөндеу жұмыстарын көп күткендерін жеткізді.
- Жолдың аталмыш телімі нашарп күйде болған. Онда асфальт жабыны мүлдем болмаған деп айтуға болады. Уақыт өте келе тозығы жетті. Сол себепті телімді ретке келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды,-деді Аққулы ауданының экономика нақты секторы бөлімі басшысының м.а. Қанат Желдібаев.
Жөндеу жұмыстарына 113 миллион теңге бөлінді. Мердігерге әлі ешқандай сома төленбеді. Шенеуніктер жұмыстарды жалғастыру қажет деген хат жолдаған. Соңғылары басқа нысаннан қолымыз босамай жатыр деді. Алайда, жол активтері сапасының ұлттық орталығы уақыт тауып, мәселелі телімге келді.
- Аталмыш телімде «Арнайы құрылыс» мердігерлік ұйымы жұмыс жасаған. Олар алғашқы қабатты ресайклинг арқылы жасаған. Инертті материал қосып, тас жолды дайындап қойған. Бүгінде мұнда көліктердің легі үлкен болғандықтан, аталмыш қабат зақымдалғанын көріп отырмыз,-деді Павлодар облысы жол активтері сапасының ұлттық орталығы бөлімінің басшысы Қуат Нұрмағамбетов.
Мамандар мердігерлік ұйым екінші жабынды 48 сағаттың ішінде төсеуі қажет деп айтты. Енді барлығын қайтадан орындауға тура келеді. Шенеуніктер компанияны алақол деп тану үшін сотқа жүгінуге дайындалуда. Енді Аққулы ауданындағы тас жолдың үш шақырымын жөндеу жұмыстары көпке созылатыны анық.
