Абай көшесіндегі олқылықты мердігер жояды

Бүгінде Абай-Луначарский көшелері қиылысында асфальт қабаты алынған. Осы ретте, көліктер легі абайлап жүруге мәжбүр. Қыркүйек айының соңында аталмыш қиылыста су жиналған болатын. Тіпті жеке сектор үйлеріне кірген. Адамдар шағым түсіріп, қала әкімдігі олқылықты анықтады.  

 

- Ескі жолдың үстіне жаңасын салған. Салдарынан оның деңгейі көтеріліп, су ешқайда кетпей осында жиналады. Үйден абайлап шығамыз. Себебі, көліктер су шашыратып өтеді. Баспанамызды да басқан сәттер болды, - деді Абай көшесіндегі №149-үйдің тұрғыны.  

 

- Абай-Луначарский көшелері қиылысында кішігірім олқылық анықталды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін оны жою жұмыстары басталды. Олар 10-шы қазанда аяқталуы тиіс еді, - деп атап өтті Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.  

 

Қала әкімдігінде ауа райының қолайсыздығына байланысты мердігер жұмыстарды кеш бастағанын айтуда. Алдағы күндері жаңа асфальт сала бастайды. Мердігер бұл жолы олқылық болмайды деп сендірді. Жаңбыр жаумаса осы аптаның соңына дейін аяқтамақ.