Абай көшесіндегі жөндеулер неге аяқталмай тұр?

Жалпы қайта жөндеуге 700 млн теңге қаражат бөлінген. Уәде бойынша мамырдың ортасында басталған жұмыстар қыркүйекте аяқталуы тиіс еді. Алайда жаяу жолдың бір бөлігі әлі күнге дейін төселмеген. Көшенің ұзындығы 3,4 шақырымды құрайды. Биыл қалпына келтіру жұмыстарына тұрғындар қарсы болған. Айтуларынша жолды соңғы рет 4 жыл бұрын жөндеген, сондықтан жағдайы жақсы. Коммуналшылар 2016 жылы Гагариннан Амангелдіге дейін Абай көшесін абаттандыруға 18,5 миллион теңге бөлінген дейді. Ал биыл жолдың енін 6,5 метрден 9-ға дейін кеңейткен. Сонымен қатар, Академик Шөкин көшесінен Ломовқа дейін жазушылар аллеясын салуды жоспарлаған. Алайда кейін соңғысынан бас тартып, бөлінген қаражат екі есе қысқартылды. Ал қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде жаяужол соңына дейін төселмеді.

 

- Тротуарды июнь айында істеп бастады, соны істегенде де бәрін істеген жоқ. Бәрін тастап кетті. Алба жұлба. Мына жерде жүргенде қауіпті, - дейді Абай көшесіндегі №370-үйдің тұрғыны Қайрат Нұрташов.

 

- Абай-Ломов көшелерінің қиылысындағы жаяужолды қыркүйектің 4-не дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бастапқыда бұл жердегі тұрғындар жөндеу жұмыстарына қарсы болғандықтан, біраз тоқтата тұру қажет болды, - дейді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің бас маманы Арсен Жұмабеков.

 

Айта кететіні, аталмыш жолды қалпына келтіру жұмыстары Ұлы ақынның 175 жылдығына орайластырылды.