Абайлаңыз, көктайғақ!
Ауа райының қолайсыздығынан қала көшелері мұзға айналып, ақ халаттылардың көмегіне жүгінгендер саны күрт артты. Тек кеше бірінші қалалық аурухананың жарақат пунктіне көктайғақтан зардап шеккен 80-ге жуық адам келген. Оның 20-сы госпитализацияланып, ота жасалады.
- Көктайғақ салдарынан адамдар тобық сүйектерін, қара жілік, білек сүйектерінің сынықтарымен келіп жатады. Ол науқастардың жартысынан көбі амбулаторлық көмекке бағытталады. 20% стационарлық көмек көрсетіледі, - деді бірінші қалалық аурухана жарақат пунктінің травматолог дәрігері Жанболат Ғазизов.
Көктайғақтан түрлі жарақат алғандар ауруханаға әлі де келуде. Таңертең тек екі сағаттың ішінде дәрігерлердің көмегіне тағы 20 адам жүгінген. Ақ халаттылардың айтуынша сынық жарақаттарын көбіне орта жастан асқандар алады. Сондықтан мұндай ауа райында мүмкіндігінше үйде қалуға кеңес береді.

