Абайлаңыз көктайғақ! Павлодар әкімдігі қысқа дайын ба?

Ақ халаттылардың айтуынша, бүгін травматология бөліміне 30-35 науқас жүгінді. Олардың 70 пайызы көктайғақ салдарынан жарақат алғандар. Дәрігерлер ауа райы реттелгенше дейін қарт адамдарға аса қажеттіліксіз далаға шықпауға кеңес береді.

- Бүгін жүгінген адамдардың көбісі табан буыны, тізе, қол жарақаттарымен жүгінді. Жыл сайын осындай ауа райы орын алғанда науқастардың саны көбейеді. Сол себепті біз табаны тегіс аяқ киім киіп жүруге кеңес береміз. Аса қажеттіліксіз қарт адамдарға далаға шықпауды өтінеміз, - дейді №1 Павлодар қалалық емханасы травматология бөлімінің басшысы Нариман Шахмарданов.

Қала әкімдігінде бүгін көктайғақ зардабын азайту мақсатында таңғы сағат 6-дан 17 құм шашқыш, 7 сыпыру көлігі және 180 қызметкер жұмылдырылғанын хабарлады.

- Биыл қыс уақытында жолдардың күтіміне екі мердігер жауапты. Олар 30 көше, 14 айналма жолға, 6 өтпежол, 2 жол айырығының тазалығына жауапты. Қоғамдық көліктердің аялдамаларынан да қар шығарады. Арнайы техниканың 169 бірлігі қаланы тазалайтын болады. Бұл автогрейдер, тиегіштер және жүк көліктері, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова. 

Егер де қар көптеп жауатын болса, мердігер еншісінде қосымша тағы 60 техника бірлігі бар. Бүгінде барлығы жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген деді әкімдікте.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа