Аймағымыздың бірнеше ауданындағы қалың қар еріп, су көтерілуде
ТЖД мамандарының айтуынша өткен тәулікте Баянауыл ауданы Бірлік ауылында екі пәтерлі тұрғын үйді су басу қауіптілігі туралы хабарлама түскен. Құтқарушылар 250 текше метрден астам суды сорып шығарған. Әзірге ешқандай үйге су кірген жоқ.
-Сонымен бірге сол күні Баянауылға Екібастұз қаласынан бір техника бірлігі мен 4 адам жіберілді. Бірлік ауылына автожолының кіре берісінде жиналып қалған қар мен жаңбыр суын тазартты. Бұл жерде жолды шайып кетпес үшін құм мен қиыршық тас төселінді,- дейді Павлодар облысы ТЖД басқарма басшысы Ақылбек Баяхметов.
Құтқарушылардың айтуынша ең қауіпті аумақтар Баянауыл ауданындағы 101 және 106 шақырым, Ақтоғай ауданындағы Шелекті мен Шолақсор және Ақсу қаласының мөлтекауданы. Бұл аталған аумақтарда Ертістен су босатқан кезде су тасу қаупі туындайды. Сонымен бірге Май ауданы Көктөбе ауылындағы жаңа үйлерге де су кіре жаздаған.
-Көктөбе ауылындағы жеті жаңа үйді су басу қауіпі туындады. Алайда сол күні бірден мотопомпамен 4700 текше метр су шығарылды. Ақсу мен Павлодардан техника бірлігі мен адам жіберілді,- дейді Павлодар облысы ТЖД басқарма басшысы Ақылбек Баяхметов.
Ауа райын болжаушы мамандардың айтуынша наурыз айының ортасына қарай +10 болмақ. Құтқарушылар барлық автожолдар мен су басу қауіпі жоғары аумақтар бақылауда деді.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы