Алдағы күндері Павлодарда -15 градусқа дейін аяз түседі

Энергетикалық компанияда іске қосу шарасы толықтай аяқталғанын хабарлады.  

- Бүгінде Павлодардың барлық әлеуметтік нысандары және тұрғын үй қорына толықтай жылу берілді. Параметрлер нормаға сай. Гидравликалық тәртіп те ретке келтірілді. Барлық жылу энерго орталықтары штаттық тәртіпте жұмыс істеуде, - дейді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы Роман Гончаренко.

Синоптиктердің айтуынша, қар жауғанына қарамастан қыстың келуі екіталай. Облыс бойынша алдағы күндері ауа температурасы минус 18-ге дейін төмендейді. Ал қарашаның ортасында қайтадан жылынуы ықтимал.

- Ауа температурасы ауысып отырады. Жауын-шашын, қар жауып, салдарынан әрине көктайғақ орын алады. Қараша айында температура тұрақты болмақ. Басында салқын болса, айдың ортасында қайтадан жылынады деген болжам бар, - дейді «Казгидромет» РМК метеоболжау бөлімінің басшысы Оксана Овсянникова.

Алайда, қаланың кейбір жерлерінде қазба жұмыстары соңына дейін аяқталмаған. Екі телімде шұңқырларды жабу жұмыстары жалғасуда.  

- Назарбаев даңғылындағы Естай-Лермонтов аумағында жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, Естайдан Малайсары батыр көшесіне дейінгі аралықты 6-шы қарашаға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол жер телімі «Павлодар-Водоканал» ЖШС-не қысқы күтімге беру жоспарлануда. Ол жерде күзгі-қысқы мезгілде 700 мм құбыр алмастырылады, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 Бұдан бөлек, Естай-Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысындағы жұмыстар созылуда. Оны 1-ші қарашаға дейін аяқтауды жоспарлаған. Салдарынан көптеген қоғамдық көліктердің бағыты өзгертілген болатын.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа