• Басты бет
  • Қоғам
  • Атамекен ауылында қаңғыбас иттер қаптап кетіп, тұрғындар рейд өткізді

Атамекен ауылында қаңғыбас иттер қаптап кетіп, тұрғындар рейд өткізді

 

 

 

Атамекен ауылында қаңғыбас иттер тұрғындардың құтын қашырып, иесіз жануарлар, бірінші кезекте балалар үшін қауіп төндіріп отыр дейді irbistv.kz тілшісі.

 

 

Павлодарға қарасты Атамекен кенті тұрғындары қаңғыбас иттер қаптап жүргенін айтуда. Ата-аналар сабаққа, балабақшаға баратын жеткіншектері үшін уайымдайды. Ересектердің өзі көшеде емін-еркін жүре алмайтын хәлге жеткен. Сондықтан арнайы рейд ұйымдастырып, үйлерде ит бар-жоғын, олардың байлауда тұрғанын бақылауға алғысы келеді.

 

-Соңғы бірнеше айда қаңғыбас иттер қаптап кетті. Тұрғындар өздері оларды тамақтандырады да, сосын аулаға жібере салады. Неліктен қадағаламайтындары белгісіз. Сосын ол иттер адамға ұмытылып, әсіресе, балаларды қуып, қорқытады. Қауып ала жаздаған жағдайлар көп,-деді Атамекен ауылының тұрғыны Сейілхан Сейсембаев.

 

Атамекен әкімдігі тұрғындардың бұл бастамасын құптап, қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Бұл ретте, полиция қызметкерлері бос жүрген иттердің қожайындарын жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жасаса, ветеринария мамандары чиптеу арқылы жануарларды тіркеуге алу бойынша тұрғындармен насихат жүргізді.

 

- Қаланың тұрғындары ветеринарлық емаханаларға апарып, екпе арқылы жануарларын тексерістен өткізіп, тікреуден өткізеді. Ауылдықтар, мойндау керек, бұған мән бермейді. Бүкіл жануарлар, үйдегі, мысық, ит болсын, есепке алыну керек. Бұл міндет, -деді Павлодар облысы ветеринария басқармасының ветеринария және лицензиялау бөлімінің басшысы Ғалым Бейсенов.

 

Ауылда қаптаған иттердің қайсысы бұралқы екені де белгісіз дейді тұрғындар. Ветеринария қызметі біразын алып кетіп жатса да, көше кезген иттің азаяр түрі көрінбейді. Сондықтан бала-шағаның амандығын ойлаған атамекендіктер іске өздері кірісіп, осындай рейдтерді жүйелі түрде өткізбек.